Кедендік одақ аясындағы ықпалдастық келешекте бірегей аграрлық нарықты құруға жәрдемдеседі - А. Күрішбаев
Бүгін «Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, қазіргі күні бірегей кедендік кеңістікті құру арқылы жүзеге асқан ықпалдастық үдерістері ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын жандандырып қана қоймай, келешекте бірегей аграрлық нарықты құруға, агроөнеркәсіптік кешені саласында еңбек қатынастарының халықаралық бөлінісі перспективаларына жол ашады. Сарапшылардың мәліметтеріне сүйенсек, біздің елдеріміздің тұтынатын ауыл шаруашылығы тауарының импорты соңғы жылдары бұрын болмаған көрсеткішке көтеріліп, 39 млрд. долларды құрап отыр. Сонымен бір мезгілде, біз соңғы кездері қаражатты өзіндік аграрлық өндірісімізді дамытуға жұмсаудың орнына, шетелдік фермерлердің қалтасына құйып жатқандаймыз. Әрине, экономиканың жаһандану жағдайында әлемдік азық-түлік нарығында бәсекелестікті нығайтуға тек мүмкіндіктерімізді бірлесе жұмылдырғанда ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан да, бірегей аграралық саясатты жүргізу арқылы ғана біз ауыл шаруашылығын дамытуда айтарлықтай тиімділікке қол жеткізетін боламыз», деді А. Күрішбаев.
Сонымен бірге, министр бұл бағытта аграрлық ғылымның алар орны ерекше екендігін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы аграрлық ғылым арқылы ықпалдастық үдерістерінің оңтайлы жолын қамтуға болады.
«Бірегей Кедендік одақ біздің ғалымдарымыз үшін қолда бар ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында біріге түсуге үлкен мүмкіндіктер тудырып отыр. Сондықтан да, саланы ғылыми қамтамасыз етудің бірегей жүйесін құру арқылы біздің аграрлық ғылымымыз белсенді ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндікке ие болады. Бұның өзі агроөнеркәсіп кешенін жедел дамытуға өз септігін тигізеді», деді А. Күрішбаев.