Кедендік Одаққа қатысты мәселелердің барлығы екіжақты келісім арқылы шешіледі - Ө.Шүкеев

None
СТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысы Кедендік Одақты қолдап немесе мақұлдап қана қойған жоқ, ол сонымен қатар аталмыш ұйымның құрылуына бастамашы болды.

Бұл ретте Президент одақпен байланысты құжаттардың барлығын Конституция талаптарына сәйкестігін тексеру үшін арнайы сараптамадан да өткізді. Ал заңгерлер одаққа мүше мемлекеттердің ешқайсысының да мемлекеттерінің тәуелсіздігіне нұқсан келмейтіндігін айтты. Бұл туралы бүгін Астанада Кедендік Одақ қызметіне байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, Кедендік Одаққа қатысты қандай да бір мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде екі елдің де Үкімет басшылары өзара келіседі. Тек содан кейін ғана нақты байлам жасалады. «Ал ұлт мүддесіне қатысты қандай да күмәнді мәселе көтерілетін болса, оған одаққа мүше елдердің қай-қайсысы болса да тыйым сала алады. Егер мәселені үкімет мүшелері шеше алмайтын болса, ол Мемлекет басшыларының қарауына жіберіледі. Қорыта айтқанда, Кедендік Одаққа қатысты мәселелердің барлығы екіжақты келісім арқылы шешіледі», деді Премьер-Министрдің орынбасары.