ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Металлургпен» кездеседі

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 9 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен 17:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін командалар 74 мәрте шеберлік байқасты. Оның 24-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.

Кейінгі бес кездесудің біреуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласынан басым түсті.

Турнир кестесінде «Барыс» 21 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Металлург» 38 ұпаймен 1-орында келеді.

Қазақстандық клуб бұдан кейін екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 15 қарашада Ресейдің «Локомотив» (Ярославльк) клубымен шеберлік байқасса, одан кейін 17 қарашада «Сочимен» кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» бес ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтата алды.