Киевтегі Соломенск аудандық соты БТА банктегі қайта құрылымдау үдерісін Украина аумағында заңды деп таныды

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін БТА банк Киевтегі Соломенск аудандық соты қайта құрылымдау үдерісін Украина аумағында заңды деп танығаны туралы мәлімдеме таратты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2009 жылғы қазанның 16-сында Алматы қаласының мамандандырылған қаржылық соты БТА банктегі қайта құрылымдау үдерісі туралы шешім шығарған болатын. Ол ақпанның 17-сінде Киевтегі Соломенск аудандық сотына ұсынылып, ақпаның 23-і күні заңдық күшіне енді. Украин сотының бұл шешімі 2002 жылы қазанның 7-сі күні Кишинеуде ТМД-ға мүше мемлекеттің арасында қол қойылған "Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар мен құқықтық көмектер туралы конвенция" ережесіне негізделді.

Бұған дейін банк өздерінің қаржылық борышкерлігін қайта құрылымдау үдерісі 2009 жылғы желтоқсанның 18-індегі Англия мен Уэльстің Жоғарғы сотының бұйрығы бойынша осы елдің аумағында мойындалғанын мәлімдеген еді. Қазіргі таңда ол Нью-Йорк штатының Оңтүстік округі юрисдикциясында қаралуда. Ақпанның 5-інде БТА банк қаржылық жағдайсыздығы туралы іс бойынша АҚШ сотына жүгінген болатын. Жалпы бұл банктің қарызын қайта құрылымдау Қазақстанның қайта құрылымдау туралы заңы аясында жүргізіліп жатыр.