Қытайлық сарапшы: Халықаралық сенімді қалпына келтіру диалог пен үйлестіруді талап етеді

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму зерттеу орталығының Еуропа және Азияның әлеуметтік дамуы институты Ғылыми кеңесінің төрағасы Ли Юнцюань 15 қазан күні  ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумда сөз сөйлеп, «қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі әлемдік құрылымның трансформациясын талдады.

Оның айтуынша, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін әлем шамамен отыз жылдық бірполярлы кезеңді бастан өткерді, алайда бұл құрылым қазір өзгеріс үстінде.

— Бірполярлы жүйенің қалыптасуына жаһандану үдерісі, технологиялық серпіліс, Қытайдың нарығын ашуы және Кеңес Одағының ыдырауы әсер етті, - деді ол.

Ли Юнцюань қазіргі халықаралық жағдайды сипаттай келе, әлемде бірнеше күш орталығы қатар пайда болғанын, алайда олардың өзара іс-қимылы әлі де тиімді үйлестірілмегенін атап өтті.

Сонымен бірге ол климаттың өзгеруі, терроризм және өңірлік қақтығыстар сияқты жаһандық сын-қатерлер тек бірлескен әрекет арқылы ғана шешілуі мүмкін екенін айтты. Алайда іс жүзінде ірі державалар кедендік тарифтер мен санкциялық текетірестерге әлі де тәуелді болып отырғаны халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретінін жеткізді.

Өз сөзінде ол Глобалды Оңтүстік елдері барлық мемлекеттің мүддесін ескеретін жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыруға ұмтылып отырғанын, ал бірнеше күш орталығының пайда болуы халықаралық жүйенің бір орталыққа бағынышты болуын шектей түскенін атап өтті.

— Орта деңгейдегі мемлекеттер жаһандық үдерістердегі өз рөлін түсіне бастады. Болашақ әлемдік құрылым бір орталыққа бағынбай, үйлестіру мен диалогты қажет ететін кезеңге өтеді, — деді Ли Юнцюань.

Айта кетейік, елордада ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумы өтіп жатыр. Іс-шара аясында Орталық Азия сараптамаларын әлемдік зерттеу қауымдастықтармен біріктіретін платформа іске қосылды.