ҚК ардагерлері мен ауғандық-жауынгерлер Жаңаөзенде болған оқиғаға және жекелеген адамдардың Үкіметтің отставкаға кетсін деген талабына алаңдаушылық білдірді
Жаңа жыл қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихатында «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев: «Жекелеген адамдардың бүкіл ардагерлердің атынан бұқаралық ақпарат құралдарына осындай өздерінің бастамасымен шыққанына қатты өкінеміз. Барлық мәселені өркениетті түрде шешу қажет. Мемлекеттегі тәртіп пен тұрақтылық - бүгінгі және ертеңгі жетістіктеріміздің кепілі болмақ», - деп атап өтті.
Сонымен қатар ол Елбасы Н.Назарбаевтың Жаңаөзен тұрғындарымен болған кездесуде айтқан: «Қазақстан қоғамының басты құндылығы - тәуелсіздік, бейбітшілік және тыныштық», - деген сөзін келтірді. Ардагердің пікірінше, еліміздің қол жеткен табыстарын сақтап қалып, оны дамыта түсу үшін қазіргі таңда қазақстандықтарға бірлік пен өзара түсіністік ауадай қажет.
Сондай-ақ, ардагерлер мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет Жаңаөзен, Шетпе, Ақтау қалаларында тәртіпті қалпына келтіру үшін төтенше жағдайлар шарасын тез арада қолға алғанын атап өтті.
Үкімет Жаңаөзенді қалпына келтіру үшін барлық қажетті жағдайды жасауда. Қаладағы әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық мәселелер жедел түрде шешілуде. Осының бәрі жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен азаматтардың тағдырына ел басшылығының бей-жай қарай алмайтынын көрсетеді.
Қарулы Күштер мен ауған соғысының ардагерлері атынан қоғамдық ұйымдардың жетекшілері отандастарымызды қандай да бір арандатуға жол бермеуге, сын сағатта даналық танытып, тыныштық сақтауға шақырды.