Қорғалжын қорығындағы өрт сөндірілді

Фото: Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Қорғалжын қорығы аумағындағы Сарыкөл көлінде тұтынған қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осыдан бірер күн бұрын «Қорғалжын қорығы» мемлекеттік табиғи паркінің аумағындағы Сарыкөл көлінде тұтанған қамыс өрті 19 маусым күні сағат 06:40 сөндірілді. Қызыл жалын 150 гектар аумақты шарпыды. Қатты жел және су-батпақ өрт сөндірушлерге біраз қиындықтар туығызды. Сол себепті, өртті сөндіру әуеден жүзеге асырылды. Өрттің дала массивіне таралуына жол бермеу үшін, жердегі күштер бақылау жүргізді», - деді ведомстводан.


ТЖД баспасөз қызметінен атап өткендей, өртті сөндіруге Қорғалжын қорығының қызметкерлері, Ақмола облысы мен Астана қаласының ТЖД жеке құрамынан 78 адам және 23 техника, сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 екі тікұшағы жұмылдырылды. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 600 тоннадан астам су шашылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Қорғалжын ауданындағы өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылғанын жазған едік.