Қостанай облысының полициясы «Отбасы және мектеп» операциясын өткізуде
Облыстық ішкі істер департаментінің басқарма бастығы Елена Кашаринаның айтуынша, операцияның мақсаты - жалпы жағдайды сауықтыру, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады. Осыған байланысты облыс полициясы күшейтілген қызмет режіміне ауыстырылды. Операцияға барлығы 900-ден астам, оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау органдарының өкілдері жұмылдырылып отыр. Олар компьютерлік салондар мен ойын-сауық отауларында кешкі және түнгі мезгілде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтайды.
Операция басталған екі күннің ішінде облыстың ішкі істер органдарына 92 жасөспірім жеткізілді, олардың 33-і - сабақтан қашып жүргені үшін, 39-ы - спирттік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас болып жүргендері үшін ұсталған. Сондай-ақ қаңғыбас 16 жасөспірім қолға түсті.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуымен байланысты 53 фактіні анықтады. Нәтижесінде ата-аналық міндеттерінен жалтарып жүрген 30 адам жазаланды, жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 14 сатушы жауапкершілікке тартылды. 75 жасөспірім ішкі істер органдарында профилактикалық тіркеуге алынды, ҚР Қылмыстық кодексінің 1321-ші бабына сәйкес кәмелетке толмағанды қылмыстық әрекетке тарту фактісі бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімдердің екі тобы тіркеуге қойылды.