«Қостанайда 147 бала қыс бойы қамалып отыр» - республикалық басылымдарға шолу
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары басталды. Қанат Саудабаев сапарының алғашқы күні ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Төрағасы Вэн Цзябаомен, Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен кездесулер өткізді. Қазақ жұрты мен Аспанасты елі арасындағы қарым-қатынастың егжей-тегжейін «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Тамыры терең ықпалдастық тағылымы» деген атпен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Қазағын оятып, қалғытпаған Алаш арысы аруағын ардақтауға байланысты атқарылатын іс әлі ауқымды. Биылғы жыл рухани уызды да мол мәйекті жыл болғалы тұр. «Парыз бен қарыз» осы тақырыппен жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала Міржақып Дулатовтың 125 жылдық мерейтойына орай беріліпті. «Аз айтсақ та, көп айтсақ та, діттегеніміз - Міржақып Дулатовтың 125 жылдық мерейтойын ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай етіп, ұлттық мақтанышымыздың ғасырдан астам бұрын айтып кеткен ұлағатының бүгінгі тәуелсіздігімізге де молынан қызмет жасап жатқанын саралап көрсетіп, жоғары деңгейде ұлықтап өткізсек, Алаш арысы алдындағы парыз бен қарызымыз сәл де болса өтелер еді-ау!»,- дейді басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Сунақ ата» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада халық «Суан ата» деп атап кеткен ортағасырлық оқымысты бабамыз Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи туралы деректер баияндалады.
***
Кеше ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халық қалаулыларын қабылдады. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Президент шынайы ақпараттар үшін алғыс айтты» деген атпен жарық көріпті. «Қортынды сөзінде Мемлекет басшысы индустрияландыру тақырыбына тағы да тереңірек тоқтала кетті. Осы аптаның жұмасында Президенттің отандық бизнесмендерді жиятындығы мәлім болды. Сонда іскер жандар осы мәселе турасындағы барлық сауалдарына жауап алуға тиіс. Елбасы қарап отырмау қажеттігін кеше де қадап айтты»,- дейді басылым.
Осы тақырыптағы мақаланы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында «Бәрінен бір елге тәуелді болмау маңызды» деген тақырыппен экономикалық талдау орталығының директоры, экономист Ораз Жандосовпен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбатта экономист былтырғы жылдың басты экономикалық нәтижелеріне қортынды жасап, биылғы жылға жорамал жасайды.
«Ақыл-есі кем және мүмкіндігі шектеулі, бір сөзбен айтқанда, мүгедек балалар саны жағынан Қостанай облысы еліміздегі «үздік үштікке» кіреді. Өңірдегі 210 мың баланың 6,2 пайызы немесе 13 165-і тумысынан тағдыр тәлкегіне ұшырағандар. Мемлекеттің қарауына алынған кемтар балалардың бәрінің бірдей көңілі тоқ, көйлегі көк емес»,- деп жазды «Айқын» газетінің бүгінгі саны. Өмірдің тәлкегіне ұшыраған жандардың тағдырымен бөліскіңіз келсе, басылымдағы «Қостанайда 147 бала қыс бойы қамалып отыр» даген атпен берілген мақалаға назар аударыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Төлебаев «тағынан» түсіп, Өсербаев «төрге» озды» атты мақала жарық көріпті. Мақалада автор Қызылорда қаласы мен осы облысқа қарасты аудандардың әлі күнге орысша атаулардан арыла алмай жүргенін тілге тиек етеді. «Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мәліметіне сүйенсек, облыс көлемінде 236 көше күні бүгінге дейін орысша атауының шекпенін шеше қоймаған. Олардың басым бөлігі Арал ауданының еншісінде екен. Теңіз түбіндегі өңірде барлығы 85 көше орысша аталады. Облыс орталығының өзінде одан біршама аз. Қалада 56 көше «ұлы орыс халқына» құрметімізді көрсетеді. Ал өзге аудандарға келетін болсақ, Қазалыда - 20, Қармақшыда - 17, Жалағашта - 32, Сырдарияда - 6, Шиеліде - 13, Жаңақорғанда 7 көше де осындай жағдайды басынан кешіріп отыр» дей келе, тіпті олардың арасында көпшілікке түсініксіз Степная, Морская, Жарты казарма деген көшелер де бар. Осындай жартыкеш атауларды ауыстыруға күні бүгінге дейін күшіміз жетпей жүр ме?» деп, оқырманға ой тастайды.
«Жайықтың бойы көк шалғын, күзерміз де жайлармыз», дәл осылай Махамбет батыр жырлаған Жайық өзенінің қазіргі ахуалы күннен-күнге азып барады. Жайықты мекендеген тұрғындар мен атқарушы биліктің өзенді қорғау туралы жанайқайы жоғары жаққа жеткенмен де, Жайық өзенінің арнайы мәртебесі болмауы оның тағдырына айтарлықтай әсерін тигізіп отыр»,- деп жазған «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала ерке Жайықтың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіреді. Толығырақ «Жайықта қайық қайраңдайтын күн жақын» деген тақырыптағы мақаладан оқыңыздар.