Қойнауында қазба байлықтары бар жерлердің ортақ базасы құрылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Геологиялық барлау нәтижесінде анықталған қазба байлығы болуы мүмкін жер учаскелері туралы ақпараттар енді ортақ базаға жинақталады. Бүгін Экология министрлігі мен тау-кен саласындағы жетекші компаниялары аталған жүйені құруға бағытталған меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отандық геология саласын толық цифрландыру бойынша нақты тапсырма берді. Осы мақсатты министрлік мүлтіксіз ұстанады. Бұл орайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі ірі инвесторлар саналатын жетекші компаниялардың басшыларымен меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, келер жылы біздің геология қызметіне «ERG», «Казцинк», «Казақмыс» корпорациялары тарапынан 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Геология, физика саласындағы барлық ақпаратты сарапталып, цифрлау арқылы «KazNedr» деген платформаға енгізіледі. Бұл – өте ауыр және күрделі жұмыс. Қазақстанның әр түпкірінде орналасқан геологиялық тараптан құнды деген жер учаскелері бірегей интернет платформасы арқылы әлемдегі барлық инвесторларға қолжетімді болады. Әрине, осы жұмыс барысында ең жаңа және озық технологиялар қолданылады», - деп атап өтті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, осының нәтижесінде еліміздегі ұлттық геологиялық база әлемдік деңгейге шығады.

«Жұмыс механизмі жолға қойылған. Біз бұл базаны жасаймыз. Оның арқасында геологиялық барлау кезінде алынған ақпараттар бір базаға жинақталады. Сондықтан, бұған қызығушылық танытып отырмыз. Әрине, ол үшін қажетті жұмыстарды жедел ұйымдастыруға дайынбыз», - деді «ERG Exploration» ЖШС бас директоры Азамат Шалабаев.

Бұл жоба толығымен инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Оның аясында ортақ базаға топтастырылған жер учаскелері туралы мәліметтер шетелдік инвесторларға да ашық болады.