ҚР мен АҚШ Үкіметтері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада Қазақстан мен АҚШ Үкіметтері арасында есірткіні бақылау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қосымша хаттамаға қол қойылды.

Аталған құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстан тарапынан Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов, АҚШ Үкіметі атынан Төтенше және Өкілетті Елші Ричард Хоугланд қатысты.

Шара барысында еліміздің Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының есірткі бизнесімен күрес мәселесіне зор көңіл аударып отырғандығын айта келіп, «бізде есірті бизнесімен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның аясында аталған қылмыстармен күресті күшейтуге 300 миллион долларға жуық қаржы бөлу қарастырылған», деді.

Сондай-ақ ол Елбасы таяуда қол қойған құқық қорғау жүйесін реформалау туралы Жарлықта да есірті бизнесімен күресті жүзеге асыратын ішкі істер органдарының бөлімшелерін одан ары күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар қарастырылғандығын баса айтты.

«Елші мырза, есірткі бизнесімен күресте біздің республикамызға көрсетіп отырған қолдауыңыз бен көмегіңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгін қол қойылған құжат біздердің белсенді іс-әрекеттерімізге дәлел болады», деп түйіндеді сөзін С.Баймағамбетов.