ҚР Үкіметі мен қызметкерлердің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2012-2014 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 29 желтоқсанда Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2012-2014 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды.

Бас келісімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің экономикалық саясат, еңбек нарығын дамыту, халықтың тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал ету, жалақы, халықтың табысы мен өмір сүру деңгейі, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау, тең мүмкіндіктер беру саясаты, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік әріптестікті және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту саласындағы позициялары келісілді.

Келісімге қол қоя отырып, тараптар Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруда, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеудің құқықтық базасын жетілдіруге және ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды және Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп Қазақстан Республикасындағы Лайықты еңбек ұлттық бағдарламасын іске асыруда күш біріктіруге келісті.

Келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Қызметкерлердің республикалық бірлестіктері атынан - Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері атынан - «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының, ҚР жұмыс берушілерінің конфедерациясы, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық Республикалық қауымдастығы, сондай-ақ, Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағы және Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясының өкілдері қол қойды.