Кран құлаған: астаналық жұмысшы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада құрылыс алаңында мерт болған жұмысшы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
— 18 шілдеде сағат 20:00 шамасында құрылыс алаңында кран құлады. Кран ішінде болған ер адам алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Құрылыс жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген ресми хабарламада.
Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Астанада құрылыс алаңында кран аударылып, жұмысшының мерт болғаны туралы хабарлаған едік.
Айта кетсек, елордадағы Тұрар Рысқұлов көшесі 18/5 үй мекенжайында орналасқан «Абырой» тұрғын үй кешені аумағында қатты жел салдарынан кран аударылып қалған.
Сондай-ақ Ақмола облысында монтаждау жұмыстары кезінде болған апаттан екі адамның қаза тапқанын жазғанбыз.