Креативті индустрияны дамытуға арналған жаңа заң жобасы мақұлданды

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс креативті индустрияны дамытуға арналған жаңа заң жобасы мақұлдады. 

Құжатты Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков таныстырды. Өзінің айтуынша, заң жобасы шығармашылық саланы заң жүзінде қолдауға және оның құқықтық негізін күшейтуге арналған.

— Заң жобасы «Кәсіпкерлік кодекс» пен «Мәдениет туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістер шығармашылық саланы кешенді түрде дамытуға, құқықтық негізін айқындауға және мемлекеттік қолдауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Құжатта креативті индустрияны қолдайтын мемлекеттік органның құзыреттері нақты көрсетілген, — деді ол.

Сондай-ақ, ол ұсынылып отырған нормалар жергілікті органдардың міндеттерін де айқындайтынын айтады.

— Облыс, қала және аудан әкімдері өңірлік креативті кластерлерді дамытуға, инфрақұрылым жасауға және қолдау бағдарламаларын іске асыруға жауапты болады. Осы нормалар арқылы креативті индустрияны құқықтық тұрғыдан қорғауға алып, жобаларды бағалау және инвестиция тарту арқылы саланы тұрақты дамыту көзделіп отыр. Бұл заң жобасы қабылданса, Қазақстанда шығармашылық салаға құқықтық негізде қолдау көрсетудің жаңа дәуірі басталады, — деді Ерлан Стамбеков.

Ресми мәлімет бойынша, креативті индустрия саласында жұмыс істейтін 46 мыңнан астам ұйым тіркелген. Ол ұйымдарда 143 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Креативті экономиканың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1 пайызға жақындаған. Бұл ды 2017 жылдың көрсеткішінен үш есе көп.

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі бекітілген болатын