Құқық қорғау органдары Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға қатысты ресми қуатталмай түрлі дереккөздерде жарияланған ақпараттарды тексеріп жатыр
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен баспасөз мәслихатында ресми өкіл Нұрдәулет Сүйіндіков осылай мәлім етті.
Мәселен, бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзінің Шолпан есімді келіні Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде өлген 23 адамның ашық қалған көздерін жұмғанын мәлімдеген Унгарова Алуаштан жауап алынды.
«Дегенмен, анықталып, сұрау барысында Өтекеева Шолпан А.Унгарованың сөздерін жоққа шығарды және өлген адамдардың көздерін жұмуын жасамағанын, өзі тікелей 2011 жылғы 16 желтоқсанда қаза болған тек 3 адамды ғана көргенін хабарлады. Сонымен қатар, ол Унгароваға келін болып келмейтіндігіне де назар аудартты», - дейді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Унгарова Алуашты бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Атап айтқанда, бұл жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 347 бабымен көзделеді.
«Бас прокуратура басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Жаңаөзен қаласындағы оқиғалардың барлық мән-жайларының анықталуын және толық, объективті тергелуін, тергеу барысы және нәтижелерімен байланысты ақпараттың жариялығын қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шаралар қолданылып жатқандығын тағы да атап көрсетеміз. Осыған байланысты, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен қарастырылып жатқан оқиғаларды жарыққа шығару кезінде тек тексерілген фактілер мен деректерге сүйенуді және шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануына жол бермеуді қайталап сұраймыз. Маңғыстау облысының тұрғындарын заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға және арандатушылық мақсатта таратылатын жалған ақпараттарға берілмеуге шақырамыз», - деді ресми өкіл.