Қырғызстанның жаңа ішкі істер министрі қорқауларға оқ атуға рұқсат берді

None
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат - Оппозиция тағайындаған Қырғызстанның жаңа ішкі істер министрі Болотбек Шерниязов құқық қорғау органдарына қорқауларға оқ атуға рұқсат берді. Бұл туралы министр қырғыз телеарналарының бірінде тікелей эфирде мәлім етті, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Қазіргі таңда Бішкекте, республиканың басқа да қалаларында таспен, таяқпен, темірмен, т.б. қаруланған қорқаулар топ-топ болып әрекет етуде.

Қорқаулардың әрекеттерін тоқтату үшін оппозиция халық жасағын құрды. Оның мүшелері қала көшелерін, дүкендер мен сауда орталықтарын күзетіп жүр. Бішкекте арнаулы әскери жасақтың пайда болғаны туралы да ақпарат бар. Куәгерлердің айтуынша, әскери жасақ мінген бірнеше жүк көлігі қорқаулардың ең үлкен тобы жиналған Бішкектің оңтүстік аудандарына қарай бет алған.