Қытайда болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккен үш қазақстандық ауруханадан шықты
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров айтты.
«Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен қазақстандық төрт азаматтың үшеуі өткен аптада ауруханадан шығарылып, білім алып жатқан жерлеріне жіберілді. Тағы бір азамат ауруханада. Оған әлі ем-дом қабылдау қажет. Алайда, үш-төрт күннің ішінде оның жағдайының дәрежесі анықталуы тиіс. Содан кейін барып оның емі қашан аяқталатынын сенімді түрде айта алатын боламыз», деді І. Омаров.
І. Омаров қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен Қазақстан азаматтарына өтемеқы төлеу мәселесі пысықталып жатқанын атап көрсетті. «Өтемақының мөлшері жол-көлік оқиғасы кезінде алған жарақаттың дәрежесіне байланысты анықталатын болады», деді ол. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына өтемақы төлеу мәселесі Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің консулдық бөлімінің және Үрімшідегі төлқұжаттық-визалық қызметтің бақылауында.
Айта кетейік, бұдан бұрын баспасөз беттерінде хабарланғанындай, Қытайдың Үрімші қаласынан шығып, Сиань қаласына бет алған автобус Хами қаласына жетпей апатқа ұшыраған. Автобуста барлығы 48 азамат болған, оның 15-і қазақстандықтар - Шэньси провинциясындағы Сиань қаласының әртүрлі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер.