Қызылағаш ауылы тұрғындарына көмек ретінде 170 миллион теңгеден астам қаржы аударылды -Ақмола облысы
14:10, 05 Сәуір 2010
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «Нұр Отан» халықтық -демкратиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын беру туралы үндеуі қолдау тауып, қазіргі кезде облыстық бюджеттен 50 миллион теңге, кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелерден 120 миллион теңгеден астам қаражат аударылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық филиалдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зардап шеккендерге көмектесу ниетімен филиал жанынан жылы киім, төсек-орын жинау қосыны ашылып, жұмысқа кіріскелі өңірдің әр түкпірінен келушілер легі толас таппаған. Жиналған заттар Көкшетау стансысынан арнайы вагонмен оңтүстікке жөнелтілді. Ортақ үлеске Астрахан ауданынан бес тонна ұн, Сандықтаудан мың тонна өсімдік майы, Ақкөлден бір миллион теңгенің тауарлары жеткізілген. Көкшетау қаласы, Қорғалжын, Зеренді, Жарқайың аудандарының әрқайсысы миллион теңге төңірегінде қаржы қарастырған. Жеке кәсіпкерлер, шаруашылық субьектілері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері аса қажетті заттарды гуманитарлық көмек ретінде табыстаған.