Қызылорда облысында 12 жылдық білім беру жүйесіне дайындық жоспарлы түрде жүруде
10:14, 07 Қыркүйек 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында 12 жылдық білім беру жүйесіне дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүруде. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Ж.Жонтаеваның айтуынша, биылғы оқу жылында ол жалғасын табуда.
Атап айтқанда, былтыр бағдарламаға енгізілген дінтану сабағы 34 сағатқа белгіленіп, 9 сыныптан бастап жүргізіліп келеді.Өзін-өзі тану сабағы 1-11 сыныптар аралығында бекітілумен бірге кәсіптік лицей және колледждерде де оқытылады. Оқу сағаттарында да өзгерістер бар. Мәселен, бірінші сынып 24 сағат бөлінісі болып бекітілсе, 11 сынып 39 сағат оқытылады.Пәндерді екіге бөліп оқыту жүргізіледі. Қалалық мектептердегі сыныптарда - 25, ауылдық жерлерде 20 оқушы болған жағдайда олар екіге бөлінеді. Басқа пәндерде де осындай өзгерістер бар. Олардың бәрі 12 жылдық жүйеге көшудің алғышарттары болып табылады.