Қызылордада қоғамдық тыңдау өтті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Кеше қаладағы Студенттер сарайында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының ұйымдастыруымен қоғамдық тыңдау өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда «Шығыс Құмкөл» кеніші аймағында нысандар салу мен өнеркәсіпті пайдалану кезіндегі қоршаған ортаны қорғау шаралары қаралып, қауіпсіздік талаптарын орындау жұмыстары талқыланды.

Қоғамдық қабылдауды облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқар­масының бастығы Серік Сермағамбетов ашып, меншік иесі «ПетроҚазақстан Құм­көл Ресорсиз» компаниясы болып табылатын «Шығыс Құмкөл» кенішіне анықтама берді. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан кеніштің Қызылорда облысымен ара қашықтығы 200 шақырымды құрайды. Кеніш орналасқан аумақ 16,5 гектар болса, кен өндіруге 15,1 гектар жер қаралған. Кеніш құрылысының мердігері «СпецСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас маманы Наталья Фогель бұрғылау қондырғыларының, электр желілерінің, көлік жолдарының, кен өндіру аумағындағы санитарлық қорғаныс шекарасының сызбаларымен таныс­тырды.