Қызылордада қоршаған ортаға қатысты дау мәселелері талқыланған семинар өтті
Арал-Сырдария экология департаментінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өкілдерінің қатысуымен «Қоршаған ортаны сақтауға қатысты дауларды қарау кезінде Орхус конвенциясы мен ұлттық заңнамаларды сақтау туралы» тақырыбында семинар сабағы болды.
Аталған семинар сабағында Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлсім Таңатова «Экологиялық заңнамаларды бұзатын мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану туралы арыздарды қарауға қойылатын талаптар», Қызылорда облыстық сотының судьясы Амангелді Қожаниязов «Экологиялық заңнаманың бұзылуы салдарынан денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянның өтелуі туралы жеке тұлғалардың сотқа талап-арыз беру құқығы», Арал-Сырдария экология департаментінің өкілі Қоянбай Қозбақов «Жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу мен тоқтатуды талап ету құқығы», Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобажанов «Экологиялық заңнамалардың қолданылуы аясындағы кейбір мәселелер» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.
1998 жылдың 25 маусымында Дания елінің Орхус қаласында «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұршылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенция» бекітілді. Аталған конвенция 2000 жылдың 23 қазандағы Қазақстан Республикасының заңымен ратификацияланды.
Конвенцияның негізгі мақсаты ол қазіргі және болашақ ұрпақтардың әрбір адамының оның денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қорғауға жәрдемдесу үшін әрбір тарап осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес экологиялық ақпаратқа қол жеткізу, жұртшылықтың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу құқығына кепілдік беру болып табылады.
Семинар барысында судьялар, уәкілетті орган өкілдерінің арасында Орхус конвенцияның ережелері кеңінен талқыланды.
Облыс прокурорының өкілі, өңірдің экологиялық жағдайына байланысты өзара бірлескен ынтымақстастық пен іс-қимыл және қарым-қатынас орнатуға орай «Эко-Қамқор Болашақ» қоғамдық бірлестігінің арасында меморандум жасалып, ресми түрде қол қойылғандығы туралы мәлімдеді.