Қызылордада облыс депутаттағына үміткердің кандидатурасы соттың араласуымен қайта қалпына келтірілді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қалалық сотының шешімімен облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Райкүл Байназарованың кандидатурасы қайта қалпына келтірілді.

Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ОСК-ның жетекшісі Аягөз Сырлыбаева мәлім етті.

Бұған дейін, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымының төрайымы Райкүл Байназарова №18 Батыс сайлау округі бойынша Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде тіркелген еді. Бірақ соңынан мүлкі мен табыстары туралы ұсынған мәліметтері дұрыс емес деген шешіммен тізімнен шығарылған. Осындай шешім тағы 6 үміткерге қатысты қабылданды. Мұнымен келіспеген Р.Байназарова сотқа жүгініп, мәселені қараған қалалық сот оның шағымын қанағаттандырды. Сөйтіп, оның кандидатурасы тізімге қайта енгізілді.

10 қаңтар күні қалалық сотта, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихатқа үміткер тағы 3 кандидаттың арызы қаралды.

Айта кетейік, мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу уақыты басталғалы бері тізімнен 17 адам шығарылды. Қазіргі таңда кандидаттардың саны 356-ны құрап отыр.