Қызылордада салықшылар ұйымдастырған акция мәреге жетті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордада облыстық салық департаменті ұйымдастырған екі айлық акция аяқталды.

Бұл шараны салықшылар ұлттық экономикалық «Атамекен» палатасымен, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамымен және «Игілік» корпоративті қорымен бірге ұйымдастырды.

«Шекті талап етіп, патриот бол» деген ұранмен өткен акцияның қорытындысы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде жүлделерді ойнау жолымен шығарылды. Қыркүйектің басынан басталған оның барысында тұрғындардан сатып алған тауарларының шектерін талап ету сұралды. Кейін құны 10 мың теңгеге жеткен шектер бір купонға алмастырылды. Нәтижесінде қала тұрғындарына ондаған мың купондар таратылды. Осы купондар ұтыс тиражына жіберіліп, оларға телевизор, фотоаппарат, ноутбук секілді бағалы заттар ойналды. Ал ұтыстың ең үлкені «Daewoo Matiz» жеңіл автомобилі болды.