Қызылорданың «Қайсары» оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияға аттанып кетті
"Қайсар" футбол клубының директоры Ермек Көкетовтің айтуынша, команда құрамында айтардықтай өзгерістер жоқ. Өткен маусымның ортасында ұжымға қосылған қақпашы Жасур Нәрзіқұлов басқа командаға ауысуға ынта білдірді. Бірақ, оның баратын командасы әзірге нақтыланбаған. Қайда баратынын, сондай-ақ жартылай қорғаушы Сабырхан Ибраев та шешпеген, ал қорғаушы Егор Азовский биыл «Атыраудың» намысын қорғау шешімін қабылдады.
Қайсарлықтардың құрамында қазіргі күндері Оралдың «Ақжайығынан» қорғаушы Михаил Любимкин, жартылай қорғаушы Эльдар Әбдірахманов, шабуылшы Олег Хромцов, Өскеменнің «Востогынан» қорғаушылар Ренат Абдуллин пен Отар Хизанейшвили, жартылай қорғаушы Руслан Бедненко сынақтан өтуде. Бұдан бөлек, Талдықорғанның «Жетісуынан» жартылай қорғаушы Андрей Харабара да қызылордалықтар қатарына өтуі мүмкін. Өткен жылы бірінші топтағы Алматы облысының «Ақбұлақ» және Алматының «Цесна» ұжымдарында ойнаған жартылай қорғаушылар Олжас Спанов пен Досым Оқасов та Сыр бойына келуге ықыласты. Бірнеше жыл сыртта ойнаған Қызылорда футбол мектебінің түлегі, былтыр «Шахтердің» құрамында чемпион атанған шабуылшы Серік Досманбетовтің де туған қаласына оралу ниеті бар сынды.
Команда оқу-жаттығу жиынын 26 қаңтарда аяқтайды. Одан кейін, Қызылордаға оралып, бір аптадан кейін Анадолы жеріне қайтадан аттанады.