МАГАТЭ бұрынғы Семей сынақ полигонына техникалық сараптама жүргізуді жоспарлап отыр
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровпен кездесуінен кейін журналистерге МАГАТЭ Бас директорының орынбасары, Кепілдік департаментінің басшысы Олли Июха Хэйнонен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
«Біз Семей полигонын сауықтыру жөнінде әңгімелестік. Қазақстан билігі қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Біз полигонға техникалық сараптама жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мен аталмыш сараптаманы жүргізу жөніндегі өз ұсыныстарым жайлы ақпараттарды ұсындым», деді брифингте Хэйнонен.
Оның айтуынша, әзірге сараптаманың жүргізілетін күні туралы шешім шығарылмаған. «Биыл жазда Қазақстан Үкіметі осы мәселе бойынша саммит өткізеді. Менің ойымша, шешім содан кейін қабылданатын болады», деді ол. Сонымен қатар Хэйнонен МАГАТЭ делегациясы Қазақстанға сапары барысында Семей мен Курчатовта да болғандарын, бұрынғы Семей сынақ полигонының реактор мен пайдаланып болған отынды сақтау алаңын қосқандағы бірқатар нысандармен танысқандарын атап көрсетті. Оның айтуынша, МАГАТЭ делегациясының Қазақстанға сапары кезінде реакторлық отынды Ақтаудан Курчатовқа ауыстыру жайы сөз болған.