Маңғыстау облысы әкімдігінде «BT-holding» компаниясы дайындаған «E-region» бағдарламасы таныстырылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бағдарлама ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесін құруға базалық сервисі бар «Data Evolution» тұғырнамасы негізінде жасалған.
Компания өкілі Евгений Щербаков атап өткендей, мұндай бірегей е-жүйе әзірге Маңғыстау облысында ғана ендірілген.
Атқарушы билік органдарына арналған ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесінің 4 тармағы бар: жоспарлау, орындалу мониторингі, үйлестіру және сараптау.
Осының арқасында облыстағы коммуналдық шаруашылық желілері мен жолдар, мектептер, емханалар және басқа нысандар туралы қажетті ақпаратты жедел жинауға мүмкіндік пайда болды.
Келешекте жүйеге нысандар мен ресурстардың жаңа түрлерін қоса отырып, атқарушы билік органдарының қызметін автоматтандыру ықтимал.
Бағдарламаны қолданысқа толыққанды ендіру арқылы ресурстарды басқару барысында туындайтын көптеген ақпараттық-сараптама мәселелерін шешуге болады.
Евгений Щербаковтың пайымдауынша, жүйенің маңызды тұжырымдамаларының бірі - ресурстарды нысандар деңгейінде басқаруға болатындығы.
«Яғни, бюджетті жоспарлау және орындау әрбір мектеп, аурухана, жол немесе құбырдың белгілі бір бөлігінде жеке-дара жүргізіледі. Бұл үшін облыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары түгел төлқұжаттандырылады - жүйеге кіретін нысандардың барлығының кадастры жасалады», - дейді ол.
Кадастарлар айрықша сипаттармен жасақталады. Мысалы, мектеп туралы ақпарат жинау барысында оқушылар саны мен оқыту тілі; аурухана болса - төсек -орын саны мен техникалық жабдықталуы; инженерлік желілер бойынша - құбырлардың қолданылу мерзімі мен диаметрі және т.б. көрсетіледі. Барлық нысандар электронды картаға енгізіледі. Кадастрлық және картадағы графикалық ақпараттың барлығы да үнемі жаңартылып тұрады.
Облыстық әкімдікте арнайы серверлік қондырғыны іске қосу, реттеу және оған E-region жүйесін жазу жұмыстары жыл басында аяқталған. 2010 жылдың ақпан айында «BT-holding» компаниясы облыс әкімі аппараты мен бірқатар басқармалар қызметкерлерін жүйемен жұмыс істеуге оқытты.