Мәулен Әшімбаев: Робот техникасы - болашақ мамандығы
«Нұр Отан» партиясының ІТ сынып жобасы аясында Ақтөбе облысында биыл 20 сынып компьютермен жабдықталып, арнайы бағдарламалар қондырылады. Сонымен қатар, оқушылардың робот техникасымен жүйелі жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Өңірге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев №56 орта мектепте ашылған сыныптың жұмысымен танысты. Мұнда балалар жаңа ғимарттардың макетін құрастырып жатыр.
«ІТ кластағы жаңа бағдарлама арқылы біз шағын мультфильм дайындай аламыз. Ойындарды құрастыруға да мүмкіндік беріледі. Болашақта осы саланың маманы болып, мультфильмдер шығарғым келеді»,- деді Альмира Бекенова. Ал ІТ сынып оқушысы Серік Базылбек кітапхана ғимаратының дизайнын бастады. Ерекшелігі кітапханада терезе көп. Оқырманүшін күн сәулесі жарық беріп тұрады. Мұнда робот техникасы кабинеті де бар.
«Робот техникасы - болашақ мамандығы. Мектепте үйренсе, болашақта мықты ІТ маман бола алады. Жұмыс та табылады. Робот техникасы мен бағдарламалау кластарына шетелдің әдістемелерін қарап жатырмыз», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Ақтөбе облысы бойынша ІТ сыныпқа қажетті 21 маман Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыды. Алдағы уақытта тағы 35 мұғалім білімін жетілдіреді. Өңірде 58 робот техникасы кабинеті және 44 үйірме жұмыс істейді. Бұл арқылы барлығы 3 мыңға жуық бала қамтылып отыр. Негізі 20 кабинетті жасақтауға 70 миллион теңге бөлінді.
Кездесу кезінде ақтөбелік оқушылар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа жейдені автоматты түрде жинайтын роботтың және робот пілдің жұмысымен таныстырды. Мектеп оқушысы Дастан Қасымжанның айтуынша, қазір бір тетікті басып, роботтарды басқаруға, түрлі жүктеме беріп, тапсырманы орындатуға мектеп балаларының білімі мен білігі жетеді.