«Майкрософт қазақшаға толық көшетін болды» - республикалық басылымдарға шолу
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет өлшемдері нақтыланды. Бұл нақтылау Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін және "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасының әзірленуіне байланысты жүргізілді. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Президент бизнесті қорғайды» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Бүгінде жасы тоқсанға келіп отырған Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиева өзінің жетпіс жылдық шығармашылық өмірінде 150 ден астам рөлдерді ойнаған екен.«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Актриса» тақырыбымен берілген мақаласахна саңлағы Күләш Сәкиева туралы сөз қозғайды.
***
Қалаулылар Барыс жылының көктемін жақсы жаңалықтарман қарсы алғысы келсе керек, кеше, наурыз айының бірінші күнінде олар Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасын тыңдауды жөн деп тауыпты. Осыған байланысты «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Майкрософт қазақшаға толық көшетін болды» атты мақала жарық көрді. Аты айтып тұрғандай, мақалада Майкрософт компаниясының қазіргі операциялық жүйелері биылғы жылы тегісімен қазақ тіліне көшірілетіндігі жазылыпты.
«Қазақстан орбитаға ғарыш аппараттарын шығаруға мүмкіндік алды»,- дейді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Ресейдің жаратылыс ғылымдары акедемиясының мүшесі, академик Талғат Мұсабаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында. «Байқоңыр» кешені Ресейге қандай көлемде пайда әкеледі, одан Қазақстанға бірдеңе тие ме? Келесі қазақ ғарышқа қашан ұшады? Осы және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ғарышкермен ой бөліскіңіз келсе, басылымның «Ақ сөйле!» айдарына назар аударыңыз.
Кеше қыстың соңғы күні еді. Ақпан айымен қоса, Ақ Олимпиада да өз мәресіне жетті. Оқырмандарды «Төрт жылдықтың басты жарысы қалай өтті?», «Қандай оқиғалар орын алды?» деген сансыз сұрақтар мазалайтыны сөзсіз. «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ақ Олимпиаданың алауы сөнді» деген тақырыппен берілген мақала Ванкувердегі жарыстың соңғы үш тәулігінің қортындысына тоқталыпты.
***
«Ет дегенде бет бар ма?» деп, ет жегенде алдына жан салмайтынын жасырмаған қазақ еттен қол үзген күні қазақ болудан да қалатын секілді. Алайда сол қазақ бүгін сапалы ет өнімдерін тұтыну мәселесі бойынша кейін тартып барады... Әрине, ет сататын дүкендер де, базарлар да кез келген қалада көп. Бірақ сол көптің бәрі бірігіп бір мәселені шеше алмай келеді. Ол тағы да сол ет өнімінің сапасы, санитарлық талапқа сай, адал түрімен қала халқын қамтамасыз ету мәселесі»,- деп жазады «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі саны. Ет базарындағы жағдайды білгіңіз келсе, «Адал еттен алыңыз» деген тақырыппен берілгенмақаланы оқыңыздар.
Заманымыздың поэзия саласында ерен еңбектерімен ерекшеленген жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіровтің өмірінің соңғы күндерінің кейбір тұстары белгілі болғанмен, көптеген жағдайлар құпия болып келеді. Осы орны толмас олқылықтарды түзету мақсатында Талдықорған қаласындағы ақын мұражайының қызметкерлері соны ізденістер жасапты. Ілияс Жансүгіровтің атылуына байланысты архив құжаттарымен танысқыңыз келсе, «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Ақын өмірінің ақырғы сәттері» атты мақалаға назар аударыңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымының тұрақты «ДАТ» айдарында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновпен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта Шығыс Қазақстандағы қыстың қаһары, шекара қауіпсіздігі және басқа да өзекті мәселелер сөз болады. «Мен экономист ретінде республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаржылар қатаң бақылауға алынса деймін. Осы мемлекеттің ақшасын алақанында ұстап отырған тиісті мекеме қызметкерлеріне айтарым, әр теңгенің үнемді және заңмен белгіленген мақсатта жұмсауда өздеріне қатаң талап қойса екен»,-дейді Нұртай Сабильянов газеттегі сұхбатында.
«Біз қашан қазақша күлеміз?» Осындай сауалға құрылған «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала қазіргі кезде қаптап кеткен мағынасыз бағдарламаларды сынға алыпты. «Қазір біз кімге, неге күліп жүрміз осы? Біздің күлкімізден қай ұлттың исі аңқиды? Кейінгі кездері мені осындай ой мазалап жүр. Оған түрткі болған - қазіргі кездегі қаптап кеткен аты әзіл, заты әжуа бағдарламалар. Қай арнаны қоссаң да көз алдыңа көлбең етіп шыға келетін осы жобалардың көпіршіктей құр көпіргені болмаса, ішіндегі іліп алары аз ғана», - дейді газет тілшісі.