Мәжіліс биоотын өндірісі мен оның мемлекеттік айналымын реттеу туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады

None
аурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады.

Енді құжат Парламент Сенатының жалпы отырысына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Тоқтала кететін жайт, бұған дейінгі екінші оқылым барысында бірқатар депутаттар бидай секілді азық-түлік дақылдарын биоотын өндірісі үшін пайдалануға қарсы шыққан болатын. Жұмыс тобы мен палата депутаттарының арасындағы орын алған біршама қайшылыққа қатысты заң жобасын үшінші оқылымға әзірлеу тапсырылған еді. Үшінші оқылымға әзірлеу барысында палата депутаттары тарапынан тек азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда ғана биоотын өндірісі кезінде тамақ шикізатын пайдалануға квоталарды Үкіметтің белгілеуі жөніндегі нормаларды сақтау қажеттігіне байланысты 3 жазбаша ескертпе түскен. Сонымен бірге, 3-сыныпты бидайды биоотын өндірісі кезінде пайдалануға тыйым салуды белгілеуге қатысты шешім жұмыс тобында өзгертілмеген.

Жалпы, аталған заң жобасын қабылдау, биоотын өндірісі және айналымы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қамтамасыз етуге және құқықтық, экономикалық, ұйымдастыру жағдайларын айқындауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жаза шараларын қолдану және биоотын өндірісі жөніндегі әрекетті тоқтату бөлігіне, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға, осы заңның биоотынға әрекетінің ара-жігін ажырату бөлігіне өзгерістер енгізіледі.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.