Мәжіліс делегациясы парламенттік сапармен Түркияға аттанды
17:47, 05 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы жұмыс сапарымен Түркия Республикасына аттанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбах Рүстемов бастаған делегация құрамында Уәлихан Қоңырбаев, Қылышбай Бисенов және Құрманғали Уәли бар. Қазақстан парламентшілері Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Көксал Топтанмен, Қазақстан-түркия достық тобының жетекшісі Мехмет Чичекпен, Сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы Мұрат Мержданмен кездесетіні жоспарланып отыр. Іссапар бағдарламасында Мәжіліс делегациясын Түркия Премьер-Министрінің орынбасары-Мемлекеттік министрі Джемиль Чичек қабылдайтыны көзделген. Сондай-ақ қазақстандық депутаттардың Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Егемен Бағышпен, Түркия Мемлекеттік министрі М. Сайд Языджыоғлымен кездесетіні қарастырылған.1992 жылы құрылған ТҮРКСОЙ ұйымы барлық түркітілдес елдермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл ұйым мемлекетаралық мәдени байланыстарды ұйымдастыруға және нығайтуға бағытталған. 2008 жылдан бастап оның жаңа Бас хатшысы Қазақстан өкілі Д.Қасейнов. Мәжіліс делегациясы осы сапар барысында ТҮРКСОЙ басшылығымен кездеседі. Сонымен қатар Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы проф. Др. Осман Хоратамен кездесу өтетіні көзделген.Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық байланыстар қазақ?түрік саяси диалогын дамытудың ажырамас бір бөлігі. Екі мемлекеттің заң шығарушы билік өкілдері халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында әрі екіжақты парламентаралық қатынастар деңгейінде жемісті жұмыс атқаруда. 2005 жылы ақпан айында Палата төрағасы Орал Мұхамеджанов Мәжіліс делегациясы Түркия Республикасына арнайы іссапармен барып қайтқан болатын.2008 жылы 19-24 қазанда Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Көксал Топтан ресми сапармен Қазақстанға келді. Мәжілісте өткен кездесу барысында Көксал Топтан Қазақстанның жетістіктері жайлы, тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасуы және Астананың жедел қарқынмен дамуы туралы достық пейілін білдірді.
Соңғы жылдары Қазақстан-түрік парламентаралық байланысы дами түсуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде құрамына 13 депутат кіретін Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісімен ынтымақтастық тобы тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Түркия Қазақстанның маңызды және ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады.2008 жылы 21-22 қарашада Ыстамбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік Ассамблеясының бірінші отырысы өтті.
Айта кету керек, 2006 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген бауырлас елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы бастамасын іске асыру мақсатында 2008 жылы 21-22 ақпанда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламенттік делегацияларының басшылары түрік тарапының шақыруымен Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы келісімнің жобасын дайындап, заң шығарушы органдардың төрағаларының қарауына енгізген. Сонымен бірге аталған келісімнің жобасын талқылау жөнінде 2008 жылы 27-28 наурыз кезеңінде Астанада аталмыш елдердің парламенттік сарапшыларының кездесуі өтті.