«Медеу» мұз айдынын қайта жаңарту тұжырымдамасы әзірленді

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков «Медеу» мұз айдынын қайта жаңарту жобасы іске асырыла бастағанын айтты. 

Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – Алматының спорттық және туристік әлеуетін арттыру, ал аренаның тарихи келбетін сақтау – басты басымдық болып қала береді.

– «Медеу» мұз айдынын қайта жаңарту тұжырымдамасы әзірленді. Аренаны жаңғырту кезінде заманауи технологиялар қолданылады, бірақ тарихи бейнесі сақталады. Қазіргі таңда жұмыстар басталды. Қалалық спорт басқармасының басшылығымен бірге реконструкция кезеңінде орнатылатын қоршаулар келісілді. Алматы тау кластерін дамыту аясында «Медеу» негізгі нысандардың бірі болатынына сенімдімін, - деді Қалдыбеков.

Еске салайық, бұған дейін мұз айдынын қайта жаңарту жұмыстары EPC-келісімшарт (Engineering, Procurement, Construction – жобалау, жабдықтау және құрылыс) аясында 2025-2027 жылдары жүргізілетіні белгілі болған еді. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарына байланысты «Медеу» мұз айдыны осы сырғанау маусымынан кейін бірнеше жылға жабылатынын хабарлаған едік. 

Алматы әкімдігі «Медеу» аумағын жаңғырту бойынша бірқатар жұмыс жүргізілетінін хабарлады.

Олар:

• мұз айдынының батыс бөлігінде серуендеу аллеясын құру;

• айдын айналасында жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтар орнату;

• оңтүстік беткейде, яғни Есентай өзенінің оң жағалауы бойымен көркейту жұмыстарын жүргізу;

• мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болуы үшін оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігінде екі жедел саты орнату көзделген. 

Еске сала кетейік, бұған дейін «Медеу» мұз айдыны қалай жаңартылатынын жазғанбыз.