Медициналық жабдықтарды лизингілік жүйемен сатып алу жобасын жүзеге асыру үшін «Қазмедтех» Акционерлік қоғамы құрылады

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жаңа лизингілік жүйе бойынша медициналық жабдықтарды бірінші болып Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласының медициналық мекемелері алады деп жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Астанада ашылған «Астана. Денсаулық - 2010» 7-ші қазақстандық халықаралық көрменің ашылуында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

С.Қайырбекова атап көрсеткендей, медициналық жабдықтарды лизингілік жүйе бойынша сатып алу жаңашылдығы, жуырда Үкімет деңгейінде қабылданған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасына енгізілген.

«Медициналық жабдықтарды жаңа лизингілік жүйе бойынша сатып алуды бірқатар өңірлерде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Болжам бойынша - СҚО мен Астана қаласында. Бұл ең алдымен денсаулық сақтау жүйесі үшін сонымен бірге, лизингі беруші мен оны алушы үшін де пайдалы. Жүйенің медициналық және экономикалық тиімділігі жоғары болатындығы сөзсіз», - деді ол.

«Қазақстанның фарммединдустрия» қауымдастығының президенті Серік Сұлтановтың айтуынша, Лизингілік жүйені жүзеге асыру үшін, ең алдымен мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан «Қазмедтех» Акционерлік қоғамы құрылады.

Оның сөзіне қарағанда, «Қазмедтех» АҚ жабдықтарға сервистік қызметтердің көрсетілуін толықтай өз мойнына алады және кадрларды оқытуды жүзеге асырады.