Мемлекет басшысы: Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы бұл туралы KIA Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуында айтты. 

Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріліп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданғанын айтты.

— Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын, — деді Президент.

KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданды. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік құрастыра алады. Инвестиция көлемі — 131,5 миллиард теңге. Кәсіпорында 1500 жұмыс орны ашылған. Ал оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады. 

Айта кетелік Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты