Мемлекеттік қызметшілер арасында тұңғыш рет өтетін қазақша күрестің бас жүлдесі - автомобиль

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сәуірдің 10-ында елордадағы «Астаналық цирк» ғимаратында, мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақша күрестен белдесу өтеді.

Бұл туралы бүгін ҚазАқпараттың баспасөз орталығында болған мәслихатта «Тіл» журналының бас редакторы Нұргүл Қарағойшина мәлім етті.

Оның атап өтуінше, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі мен «Тіл» журналының ұйымдастыруымен алғаш рет өткелі отырған сайысқа еліміздің 30-ға тарта мемлекеттік мекемесі өз қатысушыларын дайындаған. Олардың қатарында ҚР Жоғарғы соты, ҰҚК, Қаржы полициясы, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Мәдениет, Әділет, Білім және ғылым, Көлік және коммуникация министрліктері, сонымен қатар он облыс пен Алматы, Астана қалаларының әкімдіктерінде қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлер бар. Ұйымдастырушылардың палуандарға қойып отырған шарттарының бірі - қазақ тілін жетік меңгеруі болса, екіншісі мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 1 жылдан кем болмауы керек.

«Бұл шараны өткізудегі мақсат - мемлекеттік қызметкерлердің бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін күшейтіп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сайыс мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында ынтымақты күшейтіп, ауызбіршілікті нығайтады деп есептейміз», дейді Н.Қарағойшина.

20 мен 40 жас аралығындағы палуандардың белдесуі олимпиадалық жүйе бойынша өткізіліп, оған халықаралық санаттағы төрешілер қазылық ететіндігін атап өткен Н.Қарағойшинаның сөзіне қарағанда, ұлттық рухымызды асқақтатып, құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған бұл шарада еліміздің танымал әншілері өнер көрсетіп, ұтыс ойындары өткізілмек.

Палуандар белдесуіне демеушілік көрсетіп отырған мецанат, кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Оралбек Ботбай бас жүлдеге алтын түсті «Ниссан» автокөлігін тігіп отыр.

Баспасөз мәслихатына генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әбішев, мецанат Оралбек Ботбай және белдесуге бел буған мемлекеттік қызметшілер қатысты.