Мұхтар Мағауин 77 жаста
ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ прозасына М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, Т.Әбдіков сынды аса дарынды жастар легі келді. Заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов: «Мұхтар Мағауин ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, әрі от-жалынды, әрі нәзік те биязы бояу-сырларын алғашқы адымдарынан бастап-ақ көрсетеді. Тіліміздің оралымдығын тереңдетуге қосқан үлесі аз емес», - деп, М.Мағауинге шынайы анықтама берген де болатын. Ал онымен қатарлас, қаламдас жазушы Ә.Кекілбаев: «Мұхтар Мағауин - дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қадам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезендерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік», - деп бағалады.
М.Мағауин әр жылдары «Қазақ әдебиетінде», «Жазушы» баспасында, «Жалын» журналында қызмет етті. «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кейінгі жылдары ол «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгіме жинақтарын, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдарын, «Аласапыран» роман-дилогиясын, «Қобыз сарыны» атты монографияны, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерін, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды.
«Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да М.Мағауин құрастырған. Оның шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. 1984 жылы Мемлекет сыйлығының лауреаты және 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы атанды.
М.Мағауин 2007 жылы Чехияға қоныс аударды. Жазушы қазір Америка Құрама Штаттарында тұрады. Жақында ол жеті жыл бойы жазған «Шыңғыс хан» эпопеясының соңғы, төртінші кітабын аяқтағанын мәлім етті.