Мұрат Төлеубаев Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы болды
Түркістан облысына Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев келіп, облыс активі мен құзырлы орган басшыларымен кездесті. Жиында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған Мұрат Ахтанұлы Төлеубаев таныстырылды.
«Бүгін департаменттің басшысын таныстыру үшін қасиетті қала Түркістанға келіп отырмын. Мұрат Ахтанұлы өте тәжірибелі азамат. Ел Президенті мен агенттік төрағасы қойып отырған тапсырмалар мен міндеттерді сапалы орындайды деп сенемін»,- деді Дархан Құрақбаев.
Жемқорлықпен күрес – қоғамның ортақ міндеті екенін айтып өткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мұрат Ахтанұлының қызметіне сәттілік тіледі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударады. Жемқорлыққа қарсы жұмыстар біздің өңірде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл біздің ұдайы назарымызда тұрған мәселе. Осы бағытта әрі қарай да бірлесіп жұмыс істейміз деп сенемін», - деді Дархан Сатыбалды.
Мұрат Ахтанұлы Төлеубаев 1974 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Білімі – жоғары. 1996 жылы «Тұран» университетін, 2003 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Білім бойынша мамандығы заңгер, әлеуметтік салада экономист-менеджер.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматы гарнизоны әскери прокуроры көмекшісінің міндетін атқарушы болып бастаған. Кейіннен Алматы гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі, Бас әскери прокуратурасы 3-бөлімінің әскери прокуроры, Бас әскери прокурордың мемлекеттік органдардың орталық аппараттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі аға көмекшісі, Астана қаласы Бас әскери прокуратурасы өкілдігінің мемлекеттік органдардың орталық аппараттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі Бас әскери прокурордың аға көмекшісі, Орталық аймақтық көлік прокуратурасы Астана қаласының авиациялық көлік прокуроры қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ, Атырау облысы прокурорының орынбасары, Атырау облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес департаментінің бастығы, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, Қостанай облысы прокурорының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы болды.