Мысырда қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды
14:19, 11 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Жұма күні Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық орындарда темекі шегуге жаппай тыйым салынғаны туралы жария етті, деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі Youm7 интернет-порталына сілтеме жасап.
Мысырда енді арнайы орындардан тыс жерлерде және көшеде темекі шеккендерге 100 мысыр фунты (18 доллар шамасында) көлемінде айыппұл салынатын болады. Келешекте айыппұл бұдан да көбеюі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Мысыр Таяу Шығыс пен Африка мемлекеттерінің ішіндегі «ең шылымқор» ел саналады. Елдің денсаулық сақтау ведомствосының ақпаратына сүйенсек, мысырлықтар жыл сайын 19 миллиард темекі шегіп тастайды екен. Бұл мәлімет дәрігерлердің көңілін алаңдатып отыр.