Наурыз айында еліміздегі инфляция деңгейі 0,7 пайызды құрады

None
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың наурыз айында еліміздегі инфляция деңгейі 0,7 пайызды құрады. Бұл ретте баға азық-түлік тауарларына өткен айда 1,2 пайыз, азық-түлік емес тауарларға - 0,4 пайыз, ақылы қызмет көрсетулерге - 0,2 пайызға өсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, наурыз айында азық-түлік тауарлары рыногында бағаның өсуі жеміс пен көкөніске 4,8 пайызды, қантқа - 3,6 пайызды, ет өнімдеріне - 1,3 пайызды, балық және теңіз өнімдеріне - 1,2 пайызды, кофе, шай және какаоға - 1 пайызды, сүт өнімдеріне, май және мал майына - 0,7 пайызды құраған. Ал бағаның төмендеуі нанға 0,5 пайыз, жармаға - 0,7 пайыз, күрішке 1,2 пайыз, ұнға - 2,1 пайыз деңгейінде тіркелген.

Сонымен бірге, баға деңгейі фармацевтикалық өнімдерге, кітап және газеттерге 0,9 пайыз, жеке гигиена тауарларына, киім мен аяқ киімге - 0,5 пайыз, үй тұрмысына қажетті заттарға - 0,4 пайыз, жуу және тазалау құралдарына - 0,2 пайыз өскен. Дизель отынының бағасы 1,2 пайызға, цемент - 0,5 пайызға төмендеген.

Тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетулер саласында тарифтер суық суға, кәрізге 1,1 пайыздан, электр энергиясына - 0,8 пайызға артты. Мәдениет қызметі 0,5 пайыз, жеке қызмет көрсету, мейрамханалар мен қонақ үйлерге - 0,7 пайызға қымбаттаса, көлік қызметтеріне 1,2 пайызға арзандаған.