«Нұр Отан» ХДП атына келіп түскен арыздардың басым бөлігі бұрынғысынша әлеуметтік мәселелермен байланысты болып отыр
Өткен жылы партияға республика азаматтары мен заңды тұлғалардан 68 мыңға жуық арыз-шағымдар келіп түскен. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау орындарының жұмысына байланысты өткен мәжілісте партия төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол таратқан мәліметтер бойынша, тұрғындардың арыз-шағымдарының тақырыбы мен мазмұны біршама өзгерген. Бірақ әлеуметтік мәселелер бұрынғысынша алдыңғы орында тұр. Тұрғын үй- коммуналдық және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер арыз-шағымдардың 22 пайызын құраса, 8 пайызы жұмыс тауып беруге қатысты болып отыр. Ал арыздардың 6 пайызының иелері зейнетақы мен жалақыларын ала алмай жүрген. «арыз-шағымдардың ішінде лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне шағымдану жағдайлары 6 пайызды құрады. Бұл мемлекеттік органдардың 4 мың 80 қызметкерінің әрекетіне түскен шағым. Ал қалғандары заң қызметіне баланысты ақыл-кеңестер мен өзге де ақпараттар алумен байланысты болды», деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Оның пікірінше, бүгінде «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау орындары азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс құралына айналды. Өйткені азаматтардың арыз-шағымдарының басым көпшілігі қоғамдық қабылдау орындарына келіп түсіп жатыр.