«Нұр Отан» партиясы жасөспiрiмдер арасында өткен Сингапур олимпиадасының жеңімпаздарына құрмет көрсетті
Бүгін елордада «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғап, жүлделі орындарға табан тіреген балғын спортшылармен кездесті. Кездесу барысында оларды мерейлі жеңістерімен құттықтаған ол «сіздер әлемнің 200-ден астам елі қатысқан жасөспірімдер арасында өткен олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстан спортын үлкен деңгейге көтердіңіздер. Сингапурде алғашқы рет өткізілген мәртебелі жарыста сіздер алтын, күміс, қола медальдарға ие болып, бүкіл әлемге біздің Қазақстанымыздың абыройын тағы да көтердіңіздер. Бұл Елбасымыздың, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық салаға, соның ішінде спортқа да ерекше қолдау көрсетіп отырғандығының нәтижесі деуге де болады», деді.
Н.Нығматулин Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы еліміздің спорт саласының дамуына мұрындық болатын көптеген жұмыстарды атқарып жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар партияның басым бағыттарының бірі халықты спортпен шұғылдануға ынталандыру және дене тәрбиесін дамыту екендігін де тілге тиек етті.
Кездесу соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары спортшыларға ноутбук, ал олардың жаттықтырушыларына естелік кәдесый тарту етті.