Облыс басшысы АҚШ Елшілігінің аймақтық өкілін қабылдады
17:57, 10 Қыркүйек 2010
ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің Орталық Азиядағы қоршаған орта, ғылым, технологиялар, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау мәселелері бойынша аймақтық өкілі Брюс Хадспетті қабылдады.
Облыс басшысының қабылдауынан шыққан Брюс Хадспет мырза БҚО-ға келген мақсаты облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуымен танысу екенін айтты. «Оралға бірінші рет келуім, көне шаһардың келбеті, адамдардың жарқын жүзі ұнады. Біздің өкілдік қоршаған ортаны қорғау ісі бойынша сіздің мамандарыңызбен тәжірибе алмасуға және мақсатты бағдарламалар бойынша оқыту семинарларын, тренингтер өткізуге әзір. Облыс басшысымен осы жайында да әңгіме болды. Мен қоршаған орта мәселелері бойынша аймақтық өкіл болғандықтан, облыстың технопаркінде, университеттің зертханасында боламын. Қазақстан Республикасы мен АҚШ мемлекеттері арасында ғылыми-техникалық әріптестік жөніндегі келісімшартқа байланысты бірігіп жұмыстанатын мәселелер баршылық,» - деді ол.