Оқ-дәрілерді заңсыз сатқандар сотталды - БҚО

None
ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда оқ-дәрілерді заңсыз сатқандар сотталды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 2011 жылдың маусым айында Батыс Қазақстан облыстық сот сараптама орталығы ғылыми-өндірістік зертханасының жетекші сарапшысы М.Құлжанов 29 дана оқ-дәріні кабинетінде заңсыз сақтаған. Ал  осы зертхананың бас сарапшысы Н. Блекешев М. Құлжановтың қолында заңсыз оқ-дәрілердің бар екенін біліп, лақап аты «Дархан» деген азаматқа   сатуға үгіттейді. Лақап атпен жүрген сатып алушы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері болатын. Әріптесінің айтқанына көніп, М.Құлжанов заңсыз сақталған 29 дана оқ-дәріні 5000 теңгеге әлгі азаматқа сатып жіберген.

Н.Блекешев бірнеше рет жұмыс үстелінде атуға жарамды түрлі қару-жарақтарға арналған оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған. Ол шілде айының басында қашықтықтан пультпен басқарылатын жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар қоспасын заңсыз дайындау мақсатында, Атырау облыстық сот сараптама орталығы ғылыми-өндірістік зертханасының бұрынғы сарапшысы А. Нетқалиевпен алдын ала келісім жасайды. Келісім бойынша  А.Нетқалиев У.Айнабеков есімді азаматқа   3500 АҚШ долларына жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар қоспасын сатады. Сатып алушы У.Айнабеков ҰҚК БҚО бойынша департаментінің қызметкері болатын. Кейін екеуі Блекешевтың ата-анасының үйінде кездесіп, тағы да жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар қоспасын жасап, сол жерде сақтап, соңынан таксимен басқа мекен-жайға жеткізіп, У.Айнабековке 1500 АҚШ долларына сатқан.

2011 жылғы 18 қараша күні Орал қалалық сотында аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып, Н.Б.Блекешев Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 28-бабының 4-бөлігінде, 251-бабының 1-бөлігінде, 251-бабының. 2-бөлігінде, 252-бабының 2- бөлігінде, 251-бабының 2-бөлігінде  көзделген (атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау),  (алдын ала сөз байласу арқылы жасаған әрекеттер), қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 5 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.

Ал М.Б.Құлжанов Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 251-бабының 1-бөлігімен (оқ-дәрiлердi заңсыз сату, сақтау) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 1 жыл 1 ай бас бостандығынан айыруға жазаланды.

Аталған қылмыстық іс сотталушы М.Құлжановтың, адвокаттар К.Оңғарбаеваның, А.Биялиеваның апелляциялық арызы бойынша 2011 жылғы 28 желтоқсанда Б.Мәмбетовтың төрағалық етуімен Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сотында қаралып,  Орал қалалық сотының сотталушылар  Н.Б.Блекешев пен М.Б.Құлжановқа қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылды.