Өндірісшілерге елде шығарылатын шикізат қол жетімді деңгейде емес - маман пікірі

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда шикізат өндірушілер үшін өз өнімін отандық кәсіпорындарға сатқаннан гөрі экспортқа шығарған тиімді болып отыр.

Бұл бүгін Алматыда өткен «Дағдарыстан кейінгі даму: жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандырудың маңызына ерекше тоқталды. Шағын және орта бизнестің үлесін онжылдықтың соңында 40 пайызға дейін жеткізу керектігін айтты. Шағын бизнесті дамыту мәселесі көптен бері сөз болып жүрсе де ондағы қордаланған мәселелер әлі өз шешімін тапқан жоқ. Бизнес өкілдері үшін шикізат қол жетімді деңгейде емес», дейді ҚР Пезиденті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Болат Әуелбаев. Оның айтуынша, қаржы институттарының шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесі де жетілдіруді қажет етеді. Өйткені онда өндірісшілерге берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі сауда саласындағыларға ғана қолайлы. Ал экономиканың өзге салалары үшін тиімсіз. Сондықтан айналымдағы қаражаты шектеулі кәсіпкерлер шетелдік өндірушілермен бәсекелесе алмауда.