Оңтүстік Қазақстан облысында 5 адам құрбан болған паромды пайдалануға бұған дейін тыйым салынған

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Оңтүстік Қазақстан облысында жақында 5 адам құрбан болған паромды пайдалануға бұған дейін тыйым салынған.

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы Арлан Закарьянов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, сәуірдің 3-інде ОҚО-ның Балтакөл ауылындағы Сырдария өзенінің екінші бетіне өтіп бара жатқан паромнан бір автокөлік суға құлап, батып кеткен. Оның ішінде отырған 5 адам қаза тапты.

«Бұл су көлігі тыйым салынған жағдайда болды. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау аймақтық инспекциясының аталған паромды пайдалануға тыйым салу жөнінде тиісті ұйғарымы жасалған. Аталған оқиға бойынша қазіргі кезде тексеріс жүргізілуде. Алдын ала айтатын болсақ, қауіпсіздік ережесі тұрғысында бұл су көлігі иесінің тарапынан талаптарды сақтамау фактісі орын алған», деді А. Закарьянов.

Оның айтуынша, бұл паромның иесі ОҚО Отырар ауданының қарауындағы «Отырар қызмет» мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы. Олар бұл су көлігін пайдаланбауы тиіс еді.

Паромның техникалық жағынан дайындығы тиісті деңгейде емес екенін жеткізген ол, атап айтқанда бұл су көлігін 2008 жылдан бері пайдалануға тыйым салынғанын айтып өтті.

Бас сарапшының сөзіне қарағанда, аталмыш паром осы уақытқа дейін пайдаланылмаған. Алайда биылғы жылғы наурыздың 4-інен бастап қайта іске қосылған.