Оралда Қазақстан-Ресей кәсіпкерлері өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады

Фото: Бауыржан Ширмединұлы

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында «Атамекен» өнер ордасында «Жұмысшы мамандықтарын индустрияландыру мен импорт алмасуға кілт есебінде дамыту» тақырыбында екі елдің іскерлік кеңесінің Х отырысы болды.

Отырысты ашқан БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Жәкібаевтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысының Ресейдің бес өңірімен шектесетіні белгілі.

Оның сөзіне қарағанда, облыстың Ресей Федерациясының ірі өнеркәсіп және көлік орталықтарына жақын болуы сауда, логистика, өнеркәсіп кооперациясы мен бірлескен инвестицияларды дамытуға септеседі.

— Көптеген жыл бойы БҚО екі елдің экономикалық мүдделерін біріктіріп, шекаралас аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды көпір болып қалып отыр. Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 2025 жылдың қаңтар-тамызында 504,4 млн АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (459,1 млн доллар) 9,8 пайызға артық, — деді М.Жәкібаев.

Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі Қазақстан бөлімі тең төрағасының орынбасары Барзони Набиев аталған ұйымның осы жылдар ішінде екі ел бизнесінің сенімді институтына және тиімді тәжірибе алмасу алаңына айналғанын атап өтті.

— Қазіргі таңда индустрияландыруға, өндірісті технологиялық жаңарту және импорт алмасуға байланысты жобаларға ерекше мән беріліп отыр. Мұның бел ортасында еңбек адамы — білікті маман, өз ісінің шебері тұр. Жұмысшы мамандықтары — кез келген өндірістік жүйенің іргетасы, тұрақты экономикалық өсімнің негізі. Білікті мамандарсыз, тіпті, ең озық инженерлік идеяларды жүзеге асыру мүмкін емес. Тұрғызылатын құрылымдар мен өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің сапасы, сенімділігі және ұзақ мерзімге төзімділігі осы шеберлікке, тәртіп пен жауапкершілікке байланысты, — деді Б.Набиев.

Фото: Бауыржан Ширмединұлы

Оның айтуынша, қазақстандық компаниялар ресейлік кәсіпорындармен көп жылдан бері жемісті байланыс жасап, бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды.

Қазақстан сондай-ақ білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселесін жүйелі шешіп келеді. Соңғы жылдары елде теориялық оқу мен өндірістегі машықты ұштастыратын дуальды білім беру моделі белсенді дамуда. Ірі кәсіпорындар жанынан біліктілік салалық орталықтары мен оқу-өндірістік полигондары құрылып, кадрлар біліктілігін арттыру мен қайта даярлау бағытында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі Ресей бөлімі тең төрағасының орынбасары Наталья Крючкова өңіраралық форумда өзекті мәселелердің талқыланып келе жатқанына тоқталды.

— Биыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. Ресей үшін де бұл — экономика мен өнеркәсіптегі ынтымақтастықтың негізі. Жаһандық экономика жағдайында өнеркәсіп тұрақты дамудың негізі саналады. Өткен жыл мен биылғы алты айдың көрсеткіштерін алғанда, екі елде тұрақты өсу байқалады. Екі жақты қарым-қатынас та нығайып келеді. 2025 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда 23 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын тіркелген, — деді Н.Крючкова.

Кеңес отырысында сондай-ақ «Корпорация «МСП» АҚ бас директорының орынбасары Никита Банцекин, «Кублей» ЖШС директоры Зәуре Берекешева және басқа кәсіпорындар басшылары мен екі елдің оқу орындарының өкілдері өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Екі күнге созылатын Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық форумы аясында өзге де жоспарланған іс-шаралар өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшіп жатқаны туралы айтқанын жазған едік.