Оралда қылмысты есептен жасыру фактілері анықталды
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Оралға қарасты Желаев ауылы тұрғындарының үйін аралау барысында ішкі істер органдарының екі мәрте мал ұрлығын тіркемегені белгілі болды. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Е.Мұқатов 2009 жылы 15 желтоқсанда ауыл маңында жайылып жүрген жылқысының жоғалғандығын жеткізді. Бір күннен кейін орман алқабынан жылқының терісі мен басы табылған. Аталған факті туралы Е.Мұқатов полиция қызметкерлеріне хабарлап, арыз жазған. Жылқының жоғалған сәтінен бастап 2 жыл өтсе де, осы қылмысты жасаған тұлғалар әлі анықталған жоқ. Жылқының құны 200 мың теңгеге бағаланған, бұл мал иесі үшін аз ақша емес.
Сол секілді тағы бір ауыл тұрғыны С.Сүндетовтің малын ұрлау фактісі де тіркелмеген.
Аталған фактілер бойынша қалалық прокуратура ҚР ҚК-нің 175-бабы, 1-бөлімімен көзделген қылмыс құрамы бойынша қылмыстық істер қозғады.