Оралда Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқау мәреге жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХVІІ облыстық байқауы мәреге жетті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы Ганмиркүн Тұрғаналиеваның хабарлауынша, аталмыш байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу болатын. Байқауға 14 үміткер қатысып, үш тапсырма бойынша жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер», «Кербұғы», «Бәрі де майдан», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Өліара», «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Құм мінез» сынды повестері, «Өз отыңды өшірме» атты романы және тағы да басқа көптеген повестері, әңгімелерінен үзінділер оқылды. Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі басқа да туындыларды шебер орындады. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиеваның айтуынша, қазақ әдебиетінің алтын қорына үлкен олжа салып, тың жаңалықтармен келген жазушы Оралхан Бөкей шығармашығын ұғына түсуде мұндай шаралардың маңызы зор. Тіл мамандары, мәдениет саласының қызметкерлері, журналистер қазылық еткен байқаудың бас жүлдесін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Рабина Батуова жеңіп алды. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті Самат Байболатов бірінші, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері Наурызбек Лесов, Айзада Қоңырбай сәйкесінше екінші, үшінші жүлдені иеленді. Арнайы сыйлық Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж студенті Әсемгүл Бекешоваға берілді. Шара соңында барлық қатысушыларға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.