Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Қайратты» ұтты
Ойынның бірінші кезеңінде алматылықтар ширағырақ қабылдады. Қонақтар өздерінің жартылай қорғаушысы Шыңғыс Әбуғалиевті екі мәрте оңтайлы тұсқа шығара білді, бірақ ол сол мүмкіндікті пайдалана алмады.
Екінші таймда «Ақжайықтың» құрамында Сергей Шевцовтың орнына көпті көрген тәжірибелі ойыншы Артур Авакянц шықты. Алайда «Қайрат» шабуылын тоқтатқан жоқ. 51-минут ойынның шешуші сәті болды. Оралдықтар өз айып алаңында Андрей Богомоловты шалып жығып, «Ақжайықтың» қақпасына 11 метрлік белгіленді. Сол нүктеден Шыңғыс Әбуғалиевтің соққан добын екінші айналымда «Ақжайыққа» алынған ойыншының бірі, хорваттық қақпашы Иван Грабовац қайтара білді. Осыған жігерленген алаң иелері алға қарай ұмтылды. Оның үстіне команда капитаны Айбек Ғұбайдуллиннің орнына Молдова құрамасының мүшесі Виктор Комленок шығып, ойын тізгінін өз қолына алды. 60-минутта сол қапталдан суырыла шыққан «Ақжайықтың» сұрмергені, ганалық Мозес Саки допты Комленокқа қолмен қойғандай сырғыта салды. Виктор да қақпаны дәл көздеді. Ал 62-минутта Мозес Саки қонақтардың есін жиғызбастан, енді оң қапталдан ойқастап, қонақтардың қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырды.
Сөйтіп «Ақжайық» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы ойыннан кейін «Ақжайық» пен «Қайраттың» ұпайы теңесті. Екі команда да 20 ұпайдан жинап, доп айырмасымен «Ақжайық» оныншы орынға көтерілді. Оралдықтар келесі ойынын тоғызыншы орындағы «Таразбен» сырт алаңда күш сынасады.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қайраттың» бас бапкері Сергей Волгин он бір метрлік айып добының соғылмауы алаң иелеріне күш қосқанын, сондай-ақ он бес-ақ минутқа шыққан Виктор Комленоктың жеңіске қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Ақжайықтың» бас бапкері Андрей Чернышов бірінші таймда алаң иелерінің аяғына тұсау түскендей, кібіртіктеп қалғанын, есесіне екінші кезеңде өз мүмкіндіктерін толық пайдаланғанын айтты. Молдова ұлттық құрамасына шақыртылып, сондағы жаттығу кезінде жарақат алған В.Комленок соған қарамастан, ойынға қосылып, үмітті ақтады. Кейін ол жарақаты қайта сыр беріп, өзін алмастыруын сұрады. Бірақ бұл кезде іс бітіп, жеңіс «Ақжайықтың» пайдасына шешіліп те қалған еді.