«Өзенмұнайгаз» бас директорының экс-орынбасары Қарамырзаев ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаев қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мердігер ұйымдар жұмысына кедергі келтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаевті (қазіргі таңда «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорының орынбасары) ұстады.

Ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында қызметтік өкілеттігін пайдаланды деп күдіктеліп отыр.

Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған.

Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ны ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша өзіне қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті.

Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-ның заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды», - делінген хабарламада.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы негізінде өзге ақпарат жария етілмеді.

Еске салайық, биылғы 21 сәуірде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «БерАли Маңғыстау Company» ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүріп жатқаны мәлім етілді.

2 маусымда Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті лауазымды өкiлеттiгін асыра пайдаланды деген күдікпен «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаевты ұстады.

«Өзенмұнайгаздың» қаржы-шаруашылық қызметінде 160 заң бұзушылық анықталғаны жарияланды.

Ал 23 маусымда Ақтау қаласында Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығында брифинг өтіп, онда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның (ҚМГ) арнайы жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) және оның мердігер ұйымдарында жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысы жарияланды.