Өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты олимпиада өтуде

None
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының қолдауымен 5-7 қаңтар аралығында өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты VI республикалық қашықтық олимпиадасын өткізуде. 

Бұл туралы аталмыш Орталықтың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Олимпиаданы өткізудің басты идеясы - Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, мемлекеттік тілді қолданудың басты бағыттарын анықтау, оның кең көлемде қолданылуын насихаттау және өзге ұлт оқушыларының арасында оқып-үйрену сапасын арттыру.

Олимпиада екі кезеңде өткізіледі: бірінші - қашықтық, екінші - қорытынды. Олимпиаданың I кезеңі on-line түрінде өткізілді. Оған республикадағы жалпы білім беретін мектептерден 5-10 сыныптардың өзге ұлт оқушылары қатысты.

I кезеңде ең жоғары ұпай жинаған оқушылар 2012 жылдың 5-7 қаңтары күндері Астана қаласында өтетін Олимпиаданың қорытынды II кезеңіне қатысуға шақыру алды.

Олимпиаданы өткізу Ережесіне сәйкес жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және әртүрлі аталымдар бойынша мақтау қағаздарымен марапатталады.